Тәтті ұйықтай білесіз бе?
Тәтті ұйықтай білесіз бе?

Ассаламу ғалейкум құрметті жамағат!

Құдіреті шексіз, жалғыз жаратушы, Алланың атымен аттырған әрбір күніміз, біздің қалай ұйықтап, қандай көңіл күймен, оянғанымызға байланысты өтеді екен! Оған қоса, жақсы ұйқы – өзіңізді жақсы сезінудің, тартымды, келбетті болудың бірден бір нышаны.  Зерттеулер бойынша, жақсы да, жайлы ұйықтаудың  түрлі қағидалары бар. Cолардың негізгілерін Сіздерге ұсынайын деп едім.

 

Ұйқының көптігіне емес, сапасына мән беріңіз!

Ұйқы да киім іспеттес көрінеді! Әр адамның ағзасы, өзіне сай, әр түрлі көлемде, ұйқыны қажет етеді. Кейбіреулерге 5 сағаттық ұйқының өзі жеткілікті болса, басқаларға, толық қанды 10 сағаттық тыным керек. Ұйқы мәселесінде, адам, орта жолды ұстанғаны жөн. Егер ағзаңыз, демалуды талап етіп тұрса, одан еш тартынбаңыз. Аздап тынығып алыңыз. Бірақ, шектен шықпаған жөн! Көп ұйықтау да, адамды түрлі ауруларға әкеп соқтырады.

 

НАЗАРЫҢЫЗҒА: Орта есепен алғанда, ересек адамға 7-9 сағаттық ұйқы жеткілікті екен.

 

Күнделікті бір уақытта ұйықтауға тырысыңыз!

Апта бойы, күнде бір уақытта ұйықтауды өзіңізге әдет етіңіз. Бір-екі аптадан соң, ағзаңыздың өзі соны талап ететін болады. Зерттеулер бойынша, кешкі сағат 23:00 мен таңғы 05:00 аралығы, ағзаның ең жақсы тынығатын уақыты екен.

 

Ұйықтамас бұрын, бөлменің ауасын тазартып алыңыз!

Таза ауа – ағзаңыздың тынығып демалуына, жақсы септігін тигізеді. Бөлмедегі температураға, мән бергеніңіз дұрыс. Әдеттегіден сәл салқындау етіп қойсаңыз, бұл да тәніңізді болбыратып, босатады.

 

Төсек орынды қамдаңыз!

Төсектің, ұйқы процесіндегі атқаратын рөлі ерекше. Ол, Сіз ұйқыда жатқанда, омыртқа сүйектеріңізге ыңғайлы болғаны жөн.  Жастық таңдауда да жұмсақтығы мен ыңғайлылығына мән беріңіз. Ыңғайсыз қатты жастықта жату, мойын бұлшық еттерін зақымдайды. Олар түні бойы, өздеріне қолайсыз күйде болады. Сөйтіп, миға қанның жетуі баяулап қалады. Осының салдарынан бас ауруы жиілеп, адам тез шаршағыш болып келеді.

 

Жатар алдын тамақтанбаңыз!

Жатар алдында тойып тамақ жеу, ұйқының толық болуына кері әсерін береді. Сіз тамақтанғанның салдарынан, ағзаның демалудан емес, асқазандағы тамақты, қорытудан қолы босамайды. Бұдан соң ертесіне адамның, өзін шаршау, ауыр сезінуі ғажап емес. Себебі, ағза күндіз де, түнде де жұмыс үстінде! 2-3 сағат алдын ісшеңіз болады.

 

Оң жақ жаныңызбен жатыңыз!

Оң жақ жаныңызбен жатып ұйықтаудың пайдасы өте зор! Тағы да зерттеулер барысында, оң жақ жанымен жатқан адамның ағзасы, сол жақ немесе, алды артымен жатқан кісіге қарағанда, жақсы тынығып, тез орнығатыны анықталған.

  • Оң жағыңызбен жату жүрекке өте пайдалы. Сол жақпен жатқан адамның жүрегіне салмақ түседі екен. Ол оның өз қызметін толық атқаруына, айтарлықтай кедергі жасайды.
  • Омыртқа сүйектеріңізге аса ыңғайлы.
  • Өкпеге де ауырлық жасамайды.
  • Ішкі ағзаның жұмыс істеу жүйесін ретке келтіреді.
  • Қорылдаудың ықтималдығын азайтады. Тіпті жоқ қылады.

Оның үстіне, бұл оң жақ жанымен жату, сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с) асыл сүннеті.

 

Жатар алдын, жуынып жатыңыз!

Жылы су, бойыңызға жиналған бір күнгі шаршауды сейілтеді. Босатып, жеңілдетеді. Оның үстіне дәрет алып таза болып жатқанға не жетсін? Дәретпен ұйықтаған адам жайлы, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім пәк болып (дәрет алып) ұйқыға кетсе, түнімен оның жанында бір періште тұрады. Ол періште: «Уа, Алла! Пәленше құлыңның күнәсін кешір, ол пәктеніп ұйықтады»,-деп истифғар айтады» - деген екен.

 

Ой!

Барлығын қамдап төсекке жатқан, шағыңызда артық-жаман ойлардан аулақ болыңыз. Тәніңізбен қоса санаңызды да демалдырыңыз! Керісінше, жақсылықты ойлап, армандап, алға жаңа мақсаттар қойып, өз-өзіңізге есеп беріңіз. Жақсы, жаныңызға жағымды нәрселерді ойлау, тынығуға, күшті көмектеседі!

 

Жақсы ұйықтаудың бірнеше қағидалары осындай екен, құрметті жамағат)))

 

 

Сандыбай МейіржанСандыбай Мейіржан
2 жыл бұрын 477
5 пікір